🔰Президент Жарлығын жүзеге асыру аясында білім беру жүйесіне ЖИ енгізу: Премьер-министр Оқу-ағарту министрлігі жұмысына назар аударды
📌 Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығы шеңберінде орта білім беру жүйесіне ЖИ енгізу мәселесіне назар аударды.
💬«12 мамыр күні Мемлекет басшысы білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Аталған құжат қалай жүзеге асырылуда?»,
— деді Олжас Бектенов.
🗣️Жұлдыз Сүлейменова Мемлекет басшысының білім беру процесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Министрлік тиісті жұмыстар бастағанын баяндады.
🔹Бірінші. 2026–2029 жылдарға арналған орта білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу жөніндегі кешенді жоспардың жобасы әзірленді. Құжат белгіленген тәртіппен Үкіметке енгізіледі.
Кешенді жоспарда мектептердің цифрлық және инфрақұрылымдық дайындығын дамыту; педагог кадрларды даярлау; білім беру процесінде AI-шешімдерді қолдану көзделген.
Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп пилоттық жобаға қатысуға дайын 500 мектептің тізімі қалыптастырылды, оның ішінде 250 шағын жинақты мектеп; 150 жалпы білім беретін мектеп; 100 «Келешек мектептері».
Қазіргі таңда мектептердің цифрлық инфрақұрылымына, жоғары жылдамдықты интернет сапасына, компьютерлік техникамен қамтамасыз етілуіне, кадрлық әлеуетке және білім беру ұйымдарының AI-шешімдерді енгізуге дайындығына талдау жүргізілді.
🔹Екінші. Педагогтерді даярлау. Бүгінде 350 мыңнан астам педагог оқу процесінде жасанды интеллектіні тиімді қолдану бойынша арнайы оқытудан өтті. Сонымен қатар OpenAI компаниясының GPT-edu платформасын пайдалану үшін 100 мың педагогқа лицензия берілді. Қазіргі таңда мұғалімдер жасанды интеллектіні оқу процесінде белсенді қолданып, оқу контентін бейімдеп тиімді пайдалануда.


